Жаңалықтар
Елді бірлікке бастайтын үндеу
- Қаралды: 401
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының оқытушылары еліміздегі төтенше жағдай мен қоғамдық тәртіпсіздіктерге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған үндеуі мен баяндамаларын ортақ талқылады.
Ел Президенті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысып, ең әуелі Үкіметтің жаңа басшысын тағайындап, жаңадан жасақталатын Үкіметке қазіргі уақыттағы туындаған қиындықтардың тұсында халықтың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің дұрысталып, жақсаруына баса мән беруін тапсырды.
Қоғам тыныштығының бұзылуы еліміздің өркендеп, өсуіне кері әсер тигізетіндіктен Президентіміз Қазақстан халқын бірлікке, татулыққа шақырып, қиындықтарды береке-бірлікпен бірге жеңетінімізді ерекше ескертіп, келеңсіз істерден кейін шегінген тұстарымызды қайта қалпына келтіруге білек сыбана кірісу керектігін білдірді.
Мемлекет басшысының баяндамасы жалпы халықтың көкейіндегі күпті ойлардың, түйткілді мәселелердің оңды шешімін табатынына бағыт нұсқап, жұрт көңіліне үміт шырағын жаққандай болды. Әсіресе, еліміздің білім саласының сапасын жоғарылатып, ұрпақтарымыздың сауатты, білімді, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жаратуды назарда ұстауды ерекше атап өтті. сонымен қатар, білім гранттарының санын арттырып, шет аймақтардағы, аудан-ауылдарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің бөлімшелерін ашу секілді түйінді тапсырмаларды жүктеуі көңіл қуантарлық іс.
Дайындық орталығының оқытушылары елдегі қоғамдық тәртіпсіздіктерді жөнге салу жолында шыр-пыр болған Мемлекет басшысының ұсыныс, үндеулеріне қолдау білдіретіндіктерін, ел тыныштығын сақтауға, орталықтағы білім алып жатқан тыңдаушылардың оқу жұмыстарының ақсамай, алға жүре беретіндігіне күш салатындықтарын айтты.