Жаңалықтар
Жаңа Қазақстандағы жаңа қадам
- Қаралды: 523
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде партия атауы "Аманат" деп өзгертілді. Осы алқалы жиында еліміздегі барлық реформаларға ұйытқы болатын "Аманат" партиясының арқалайтын жүгі ауыр екенін ерекше ескерткен Президент "Жаңа Қазақстанды" құрудағы маңызды міндеттерді саралап берді. Біздіңше, заман өзгеріп, қоғам жаңарып жатқан тұста партияның да жаңа атаумен рухани жаңғыру жолындағы елдің еңсесін тіктеуге ұмтылып отырғаны құптарлық қадам деп білеміз.
«Аманаттың» алғашқы қадамы бүгінге дейін атқарылған ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру екені анық. Сондай-ақ, айтылған бастамаларды басты назарда ұстап, жаңашылдық талабына сай бой түзеп, озық ой мен әділдікті, бірлік пен ілгерлеуді басты темірқазық ете отырып, елдің әл-ауқатын көтеруді мақсат тұтқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Демек, "Аманатқа қиянат жүрмейді" деп бабаларымыз айтқандай, елдің жетекші партиясының бұл атауды бойтұмар етуі де тектен-тек емес шығар. "Аманаттың" жолының ақ, ісінің берекелі болуынан үміттенген халықтың да нақты өзгерістерді күтіп отырғаны күмәнсіз. Олай болса, бірлікті бақыт деп біліп, ырыстың алды ынтымақта екендігін бағзыда айтып кеткен бабалар жолынан ауытқымай, Жаңа Қазақстанды құруға ұмтылып отырған барша отандастарға бақытты да баянды болашақ, партия ісіне тың серпін тілейміз!
Рахымбек Камалдинов, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығының басшысы.