Жаңалықтар
Алматыда орталық Азия елдері ректорларының форумы өтті
- Қаралды: 455
Орталық Азия елдері ректорларының форумына қатысушылар Болон процесі хатшылығының Қазақстандағы өкілдігін ашуды ұсынды.
Іс-шара бүгін Алматыда өтті. Форумға Білім және ғылым министрліктерінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан жоғары оқу орындарының және халықаралық ұйымдардың 130-дан астам өкілі қатысты. Форумға қатысушыларды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады.
«Бүгінгі форум былтыр өткізген Түркістан конференциясының жалғасы болып есептеледі. Осы ретте форумға қатысуға ниет білдерген барлық әріптесіме алғыс айтамын. Бүгін іс-шараға Орталық Азияның барлық елінен келген делегациялар мен университет ректорлары қатысып жатыр. Бағдарлама өте мазмұнды. Сондықтан форум тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңына айналады деп ойлаймын. Қазақстан – Болон процесінің белсенді қатысушысы, былтыр біз өзін-өзі сертификаттаудан өтіп, толық мойындалдық. Ал биыл біз Болон процесінің Бақылау тобының тең төрағасымыз», - деді министр Асхат Аймағамбетов.
Білім басшысы қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтердегі жетістіктерін атап өтті. QS рейтингіндегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны екі есеге артып, 14-ке жетті. Сондай-ақ университеттер саны артып, Times Higher Education (THE) рейтингіне енген университеттердің орындары жақсарды.
«Бұл – Болон процесі қағидаттарын жүзеге асырудың, сондай-ақ университеттерге академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестік берудің нәтижесі. Егер бұрын үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын Білім министрлігі бекітетін. Ал қазір ЖОО жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, еңбек нарығының сұранысына сай оқу бағдарламаларын өздері өзгертеді. Бұл жұмыс берушілермен қарым-қатынасымызды нығайтты, енді жұмыс берушілер өздерінің сұраныстары мен ұсыныстарын кәсіби стандарттар арқылы қалыптастырады», - деп айтты министр.
Асхат Аймағамбетов форум Орталық Азия университеттері альянсының дамуына жаңа серпін беретініне, сондай-ақ бірлескен білім беру, ғылыми жобаларды әзірлеу және қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру бойынша университеттер арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтетініне сенім білдірді.