Жаңалықтар
Қарттарым, аман-саумысың?
- Қаралды: 448
«Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Сондықтан «үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» көрсетудің маңызы аса зор деп білеміз. Күні кеше, 30-қарашада біздің М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және ЖОО-ға дейінгі дацындық факультетінің өнерлі өрендері қалалық қарттар үйіндегі қамкөңіл қариялардың тыныс-тіршілігімен танысып, қайырымдылық концертін қойып қайтты.
Факультетіміздің деканы, тарих ғылымдарының докторы С.Н.Әлібектің қолдап-қуаттауымен қолға алынған бұл игі бастаманы алдағы күнде дәстүрге айналдыру да ойымызда бар. «1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесіне ойластырыла ұйымдастырылған бұл концертте тағдыр теперішіне тап болған қарияларымызға бір сәтте болса да сыйлауды басты мақсат тұтқан тыңдаушыларымыз бойындағы бар өнерлерін ортаға салды.
Жалпы іс-шара факультетіміздің талантты студенті Орынбек Ардақтың «Елін сүйген Елбасыға арнау» атты толғауымен басталып, жас ақындар Арқалық Әмәлият пен Нұрлыбек Есімбек өлеңдерін жатқа оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Өз кезегінде қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен Қадубек Бақбердінің орындауындағы керемет күйлерге де шынайы ризашылықтарын білдіргендер аз болмады.
Сондай-ақ дәстүрлі әнші Мұқарали Ақиқаттың «Бұлбұлым», Қажыбай Тілектің «Меркі», Мерей Сәулебектің «Сәулем-ай», Арай Серікхаттың «Халқым-ай» әндері де өз тыңдармандарын тауып жатты. Ал айтыскер ақындар Тұрсын Шынарбек пен Орынбек Ардақтың сөз сайысына кезек келгенде, сөз құдыретін жан-жүрегімен түйсіне білетін қариялардың жүзіне қуаныш ұялап, олар қос дарынға ерекше ілтипат білдіріп, ақ баталарын берді. Осынау концертті жоғары деңгейде жүргізген Тілек Серік пен Серікхат Арай да көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Жастарымыздың шыпайы тебіренісі көнекөз қариялардың да қиялын қиянға өрлетіп, айрықша толқынысқа түсірді.
Әдемі де әсерлі кештің қорытындысында факультетіміздің аға тәлімгері А.Жанбай қарттарға өзінің және факультет ұжымының атынан жүрекжарды лебіздерін білдіріп, адам өміріндегі ата- ананың орны туралы айта келе, қариялардың дендеріне саулық тіледі.