Жаңалықтар
Үміт сыйлаған Үндеу
- Қаралды: 483
Жуырда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде оқытушылар арасында Елбасымыз Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін талқылау өтті.
Жиынды ашып, бастапқы сөзді алған факультет деканы, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек мырза бұл жаңа саяси реформаның мән-маңызын мейлінше талдап-түсіндіре келе оқытушылар қауымын өз студенттері мен тыңдаушыларына академиялық сабақтарда, тәрбие сағаттарында бұл мәселе төңірегінде толыққанды мәлімет беруге шақырды.
Ал мінбеге шыққан факультетіміздің аға кураторы А.Жанбай өз баяндамасында осынау реформаның артықшылықтары мен тиімді тұстарын атап көрсетіп, оның іске асырудағы негізгі екі бағыт жөнінде әңгіме өрбітті. Одан бөлек Қазақстан тарихы пәнінің аға оқытушысы, т.ғ.к. С.Қосанбаев та өз кезегінде Президенттік басқару жүйесінің кешегі елеулі табыстары мен бүгінгі жарқын жетістіктерін санамалай отырып, Мемлекет басшысының бұл оңды ұсынысының елімізді демократиялық жаңғыруға бастайтын сара жол екендігіне шүбә келтірмеді.
Сондай-ақ осынау талқылауда А.Әбді, А.Үсіпов, Ж.Байназарова, А.Сейтметова секілді аға оқытушылар да өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, өз әріптестерін бұл тың бастаманы қолдауға үндеді. Талқылау соңы пікір алмасуға ұласып, осы үндеуді жан-жақты насихаттауға белсене араласу мәселесі, мерзімді басылымдарда лебіз білдіру мен мақалалар жариялау да бірауыздан қолдау тапты.