Жаңалықтар
Алаш идеясы – «Мәңгілік Елдің» ұйытқысы
- Қаралды: 357
Күні кеше Абай атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қаламыздағы Қуғын-сүргін құрбандары мұражайында Алаш идеясы- «Мәңгілік Елдің ұйытқысы» атты тағылымды кеш өтті. Осынау кешке біздің М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің тыңдаушылары мен оқытушылары да белсене қатысты.
Алашорда қозғалысының 100 жылдығына, 18 мамыр-Мұражай күніне, сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған кешке арнайы шақырылған университетіміздің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Қалшабек халқымыз үшін аса ауыр да азапты кезең болған 1938 жылдардағы репрессия жайында студент жастарға кеңінен әңгімелеп, төл тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінен көпшілікті хабардар етті.
Өз кезегінде ОҚО қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ғылыми қызметкері Ғ.Қасымбек баяндама оқып, еліміздің тәуелсіздігі жолында бар ғұмырын сарп еткен А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов секілді т.б. Алаш қайраткері жайында шетелдік қандастарымызға бір қатар мәліметтер берді.
Өз кезегінде А.С.Пушкин атындағы гимназия-мектептің бір топ оқушылары Алаш қайраткерлерінің орнықты ойларын көркем сөз оқу арқылы жеткізсе, факультетіміздің өнерлі өрендері А.Әмәлият пен Т.Шынарбекұлы жүрек жарды жырларын шашу етіп, Т.Серік, Ш.Мұқат, Ж.Тоқтасын секілді тыңдаушылар ұлт тұлғалары турасындағы өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңы пікір алмасуға, сұрақ-жауапқа ұласып, тыңдаушыларымыз төл тарихымыз жайлы өздеріне беймәлім болып келген бірқатар тарихи жағдайларға қанығып қайтты. Өз кезегінде Абай атындағы кітапхана қызметкері Г.Шатырбекова осындай тағылымды кешке талантты тыңдаушылардың қатысуына мүмкіндік туғызып, өрелі жастарды тәрбиелеу мен қолдауда көпке үлгі болып жүрген факультетіміздің деканы, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек мырзаға өзінің және ұжымының атынан шынайы ризашылығын жеткізуді өтінді. Жалпы кеш жұрт күткен үдеден шығып, жастарға рух беріп, туған тарихына деген мақтаныш сезімін арттырғанына еш шүбәміз жоқ.