Жаңалықтар
«Ғаламдық бәсекелестік ортадағы заманауи білім беру»
- Қаралды: 519
27-28 сәуірде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де жаңашыл педагогтардың Халықаралық форумы өтті. Білім беру кеңістігінде бәсекелестікті арттыруды ескере отырып, халықаралық трендке сәйкес, оқытудың алдыңғы қатарлы әдістері мен технологияларын жасау қажеттілігі көзқарасы тұрғысынан «Ғаламдық бәсекелестік ортадағы заманауи білім беру» атты форумының тақырыбы өзекті.
Форум жоғары оқу орындары оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің педагогикалық шығармашылығын ынталандыру және қолдау жасау, білім беру процессін әдістемелік қамтамасыз ету сапасын, алдыңғы қатарлы тәжірибелер мен үздік әдістемелік практикамен алмасу, оқытушылардың кәсіби шеберлігі деңгейін арттыру, алдыңғы қатарлы білім беру тәжірибесін және оқытудың үздік ақпараттық-педагогикалық технологияларын насихаттауға мүмкіндік береді.
Форумның басты мақсаты шет елдік жоғары оқу орындарында және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында кәсіби тәжірибені насихаттау және жинақтау, оқытушының шығармашылық әлеуетін арттыру, оқытудың ғылыми-әдістемелік деңгейін және сапасын арттыру, педагогтардың кәсіби деңгейінің өсуіне қолдау жасау болып отыр.
Бұл форумда білім беру саласының барлық буындары, соның ішінде жоғары оқу орнына дейінгі мектептің даму жүйесіндегі инновациялық-педагогикалық технологиялар қамтылды.
Форумда ҚР жоғары оқу орындарының және шет елдік жоғары оқу орындарының жетекші педагогтарының тәжірибесі баяндама және мақала түрінде ұсынылды. Форум жұмысына АҚШ, Италия, Бельгия, Туркия, Өзбекстан педагогтары қатысты. Қытай халық Республикасы, Корея, Швеция, Германия, Малайзия, Латвия, Беларусия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен оқытушылардың мақалалары сырттай қатысты, соның ішінде алыс шетел жоғары оқу орындарынан - 17, жақын шетел жоғары оқу орындарынан – 23, Өзбекстанның ғылыми-зерттеу институтынан – 2, ҚР жоғары оқу орындарынан -23, Шымкент қаласы мен Оңтүстік-қазақстан облысы мектептері, Назарбаев зияткерлік мектебі директорлары мен мұғалімдері – 45, ОҚО колледждерінен -5 және 1- мектепке дейінгі мекемеден, Павлодар облысының Екібастұз қаласының орта мектебінен -1.
Пленарлық мәжіліске қатысушыларға Еуропалық химиялық тақырыптық желісі (Бельгия) президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор – Павел Дрешар құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық мәжілісте 7 баяндама жасалынды: Пиза университеті (Италия) Заманауи тілдер және әдебиеттер факультеті профессоры – Мирко Тавозанис; Турция, Кония, Сельджук университеті доценті – Ибрагим Батташ; Турция, Карабук, Карабук университеті доценті – Фатих Туркмен, Өзбекстан Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің деканы, п.ғ.к., доцент – Садыков А.В.
Форум аясында ашық сабақтар, шеберлік кластары,, тренингтер, байқаулар, оқытушылардың инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды, төмендегі номинациялар бойынша байқаулар болды:
- Үздік ашық сабақ;
- Ағылшын тіліндегі үздік ашық сабақ;
- Үздік оқулық / оқу құралы;
- Үздік ПОӘК;
- Үздік электронды оқулық / электронды оқу құралы;
- Үздік электронды ПОӘК;
- Үздік портфолио;
- Үздік кейс;
- Үздік мультимедиялық презентация;
- Үздік бейнефильм;
- Үздік оқытушылардың инновациялық әзірлемелер көрмесі;
Қатысушылардың сұраныс тілегі бойынша 4 номинация ашылды:
- Мектеп мұғалімдерінің үздік сабақтары
- Мектеп мұғалімдерінің үздік мультимедиялық презентациялары
- Мектепке арналған үздік оқулық
- Үздік монография
Кейбір номинациялар дайындық бағыты бойынша реттеліп бөлінді: гуманитарлық-педагогикалық бағыт және техникалық бағыт.