Жаңалықтар
«SCIENCE KIDS – ҒЫЛЫМДАҒЫ БАЛАЛАР»
- Қаралды: 253
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Жастар ғылымының даму векторлары» тақырыбындағы ХХVII республикалық студенттік ғылыми конференция аясында «SCIENCE KIDS – ҒЫЛЫМДАҒЫ БАЛАЛАР» атты көрме өтті. Көрмеге Шымкент қаласындағы білім мекемелерінен 60-тан астам мектептің ғылымға құштар оқушылары қатысты. Кішкентай ғалымдар көрмеде жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық, экономикалық бағыттарда өздерінің ерекше жобаларын ұсынды.
–Қазақстанды әлемде технологиялық көшбасшыға айналдыруда ғылым саласында үлкен жұмыстар жүзеге асып жатыр. Ал оқушылардың мектеп қабырғасынан бастап ғылымға деген қызығушылығын оятсақ, демеу берсек, бұл үлкен ғылыми жетістіктер мен жаңалықтардың бастамасы болары анық.
Жалпы, сәуір – ғылым айы. Бұл айда Әуезов университетінде кәсіби мереке аталып өтіп ғана қоймайды, оқушылар мен студенттердің ғылымға құштарлығын арттыруда қолдау көрсетіліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі көрме – соның дәлелі. Креативті жобалар ұсынған оқушылар арнайы комиссияның шешімімен анықталып, марапатталады, - деді университеттің ғылыми қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Мұрат Серкебаев.
Көрмеде балалардың «ақылды үй», робототехника, өсімдіктерді будандастыру, табиғи парфюм жасау бойынша жасаған дүниелері көпшілікті қызықтырды.
–Елімізде ғалымдардың парфюм жасап жатқанынан хабарым бар. Менің бұл салаға қызығушылығым жоғары. Көрмеге жетекшіммен бірге жасаған иіссуларымды алып келдік. Оған қажетті шикізаттар қарапайым ғана. Болашақта парфюм өндірісі дамыса, мен де өз үлесімді қосқым келеді, - дейді мектеп оқушысы Роза Маманова.
Дарынды балаларды комиссия мүшелері анықтайтын болады.