Жаңалықтар
ӘУЕЗОВТІКТЕР ҚАРҒЫН СУДАН ЗАРДАП ШЕККЕН ӨҢІРЛЕРГЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ
- Қаралды: 236
Әуезов университеті су тасқынынан зардап шеккен өңірге, Атырау облысына гуманитарлық көмек жіберді. Қазір ғана аталған өңірдің тұрғындары үшін 20 тоннаға жуық азық-түлік және гигиеналық заттар, өзге де қажетті тауарлар тиелген жүк көлігі Атырау облысына жолға шықты.
Әуезов университетінің барлық факультеттері, жоғары мектептері, департаменттер мен институттар мен ғылыми орталықтар және студенттер қауымы игі іске мұрындық болып, азаматтарға қажетті заттарды жинақтап, сауапты істің басынан табылды. Осындай ауызбірліктің арқасында біз бұл сынақтан сүрінбей өтеріміз сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде: «Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді», - деп атап өткен еді.
Иә, біз тарихта көп қилы кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ сол алмағайып уақыттарды береке мен бейбітшіліктің арқасында еңсеріп, егеменді ел болдық. Бұл сынақтан да еш кедергісіз өтетініміз сөзсіз. Бастысы, ел амандығы, жұрт тыныштығы. Ынтымақты берік еткен Әуезов университетінің ұжымына толымды табыс пен сарқылмас сәттілік серік болғай. Елдігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз