Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
- Қаралды: 139
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері жаңа оқу жылында соңғы үлгідегі жатақханаға орналасты. Жатақхананың ашылуына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және студент-жастар қатысты. Игі бастамада сөз алған ардагер Жеңісбай Сұлтанов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жас ұрпаққа ізгі ниетін білдіріп, студенттер үйінің ашылуымен құттықтап, жаңа ғимараттың лентасын салтанатты түрде қиды.
Мемлекет басшысы: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», деген болатын. Әуезов университеті осы бағытта тынымсыз жұмыстар атқаруда. Дәлірек айтқанда, «SUNRISE CY» ЖШС Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылдың 5 наурызында үш жақты Білім және ғылым министрлігі, Қаржы орталығы АҚ арасында түзілген келісімшарт негізінде, білім алушыларды жатақханамен қамту мақсатында 550 орынға лайықталған жаңа студенттер үйі есігін айқара ашты.
Бұл жатақхананың ерекшелігі бір бөлмеде 2-3 студенттен тұрады. Әр бөлмеде тұрмыстық техника, жиһаздармен жабдықталып, жуынатын бөлме, әжетхана қарастырылған. Студенттерге арналған оқу залы, демалыс аймағында кинотеатр және тағы басқа да қажетті заттар бар. Ең маңыздысы жатақхана оқу орнына өте жақын орналасқан. Тек студенттер ғана емес, жатақхана магистранттар және докторанттарға да арналған.
– «Жаңа жатақханамыз қонақ үй үлгісінде бой көтерді. Заман сұранысына сай ғимараттың әр бөлмесінде жуынатын орындар, жиһаздар мен ауа баптағыш (кондиционер) орнатылған. Жаңа білімгерлер үйінде студенттеріміз бос уақытын тиімді өткізетін болады. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Тағы бір ерекшілігі ғимарат жоғары оқу орнына жақын небәрі 100 метр ара қашықтықта орналасқан. Студенттердің сабаққа барып келуіне өте қолайлы. Жалпы, биылғы оқу жылында студенттерден 2565 өтінім түсіп, олардың барлығы жатақханамен толық қамтылды. Сондай-ақ университетімізде жатақхана бойынша ешқандай қиындық туындамайды», деп атап өтті университеттің Басқарма төрағасы – Ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов.
Серіктестік директоры Бексұлтан Қуанышбекұлының айтуынша, жобаға 1,7 млрд. теңге қаржы жұмсалған. «Алты және төрт қабатты жатақханада білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Әр қабатта заманауи жабдықталған асхана және кір жуатын бөлмелер бар», деп атап өтті Бексұлтан Қуанышбекұлы.
Бексұлтан Қуанышбекұлына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің білім жолындағы жастарға сапалы өмір сүруіне қосқан үлесі үшін Алғыс хаты табысталды.
Атап өтейік, Әуезов университетінде білім алушыларға арналған 8 жатақхана болса, жаңа Студенттік үй мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші жатақхана болып саналады.