Жаңалықтар
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне жаңадан тағайындалған Дария Қожамжаровамен кездесті.
- Қаралды: 405
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне жаңадан тағайындалған Дария Қожамжаровамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Елбасы міндеттеген жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жайын және студенттерді жатақханамен қамту мәселесін қозғады.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың акт залында жалғасқан кездесуде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов ҚР Білім және ғылым министрінің Д.П.Қожамжарованы ректор етіп тағайындаған 2018 жылдың 18 мамырындағы №41 бұйрығымен таныстырды. Сондай-ақ, вице-министр Т.Ешенқұлов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің еліміздегі жоғары оқу орындарының алдыңғы үштігінде бірнеше жыл қатарынан тұрғандығын, профессор-оқытушылардың әлеуетінің студенттерге заманауи талаптарға сай білім беруге толық мүмкіндіктері бар екендігін айтып өтті. ҚР Білім және ғылым вице-министрі сөз соңында жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.
Кездесу барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Пернешқызы да оқу орнының жетістіктерін сөз ете отырып, алдағы уақытта аянбай еңбек етіп, өзінің жинаған тәжірибесін университеттің дамуына жұмсайтынын айтты. Елбасының жоғары оқу орындарының алдына қойған міндеттерінің бірі білім берудің заман талабына сай сапасын жақсарту және студенттердің әлеуметтік жағдайын көтеру жолында ұжыммен бірлесе отырып, іске асыратынын жеткізді.
Дария Пернешқызы ЖОО ректорларын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның шешімімен тағайындалды.
Қожамжарова Дария - Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Дария Пернешқызы 1962 жылы 22 шілдеде Жамбыл қаласында көпбалалы, қызметкер отбасында дүниеге келген.
1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, еңбек жолын 1984-1989 ж.ж. Жамбыл педагогикалық институтында аспиранты қызметінен бастады.
Ал 1990-1995 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспиранты, 1995-2012 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тарих» кафедрасының доценті, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, тәрбие жұмыстары және қоғаммен байланыс жөніндегі проректоры, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. 2012 жылдың қыркүйек-қараша айларында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ректорының міндетін уақытша атқарушы қызметінде болды.
Ал 2013 жылдан бастап бүгінге дейін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарып келген.