Жаңалықтар
Саяси қуғын сүргін: тарихы мен салдары
- Қаралды: 555
2018 жылғы мамырдың 30 жұлдызында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу мен жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің акт залында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «31 мамыр-саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» арналған «Саяси қуғын сүргін: тарихы мен салдары» атты дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты - факультет тыңдаушыларына Кеңестік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің себептері мен салдарларын, мейлінше ұғындыру, саяси репрессияның ұлттық элита мен халқымыздың тағдырына ықпалын ашып көрсету, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу арқылы рухани жаңғыру үдерісін жетелеу.
Дөңгелек үстелді факультет деканы, т.ғ.д, профессор Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы жүргізе отырып, Сталиндік репрессия жылдарында қуғын құрбандары жайлы, әсіресе өз өңірімізде туып өсіп,саяси репрессияның құрбаны болған С.Үсенов, Ә.Үсенов сияқты т.б. азаматтардың өмірі мен қызметі жайлы мол мағлұмат беріп, кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ аға оқытушы Ақбота Тұрғынбаева КСРО саяси жүйесінің саяси қуғын-сүргін қудалау саясатын жүргізуі жайлы сөз қозғап, студент жастарды бірқатар тарихи деректерден хабардар етті. Өз кезегінде аға оқытушы Қасым Мырзабеков «Саяси репрессияның ұлттық элита тағдырына ықпалы» баяндамасын оқыса, философия докторы Бекнұр Изембаев Ұлы Отан соғысынан кейінгі қуғын-сүргін зобалаңының Қазақстанда қандай көрініс тапқанын баян етті.
Дөңгелек үстелде тыңдаушылар назарына «Зұлмат жылдар туралы» бейнефильм де ұсынылды. Жастар Метербай Бағашар «Алаш жұрты: кеше және бүгін», Зәбек Маржан «Мағжан Жұмабаевтың рухына» атты өлеңдерін оқыса, Базарбек Нұржанаттың домбырамен орындаған «Еске алу» музыкалық композициясы жиналған қауымды терең ойға салды.
Жалпы тағылымды шарадан жастарымыз ұлт басына төнген зұлмат жылдардың шерлі тарихына біршама қанығап қайтты.