Оқу орнына қаланың Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) педучилищенің ғимараты беріліп, жаңадан ашылған оқу ордасының басшылығына Харьковтен көшіп келген К.А.Деляур бекітілді. Шындығында құрылыс өнеркәсібіне қажетті білікті мамандарды даярлаудың өзектілігін жоғары билікке дәлелді фактілермен жеткізе отырып, институттың ашылуына зор еңбек сіңірді.
Алғашқы оқу жылында институт құрамында екі факультет: технологиялық және тау-кен факультеттері және 7 кафедра болды. Институтта небары 18 оқытушы, олардың ішінде 2 профессор және 5 доцент болды
Алғашқы жылы институтта оқыған 240-қа жуық студенттердің ұлттық құрамына келер болсақ, олардың 1-і қазақ, 108-і орыс, 87-і еврей, 30-ы украин, 1-і белорус, 2-і өзбек, 1-і кәріс, 3-і татар, 2-і армян ұлтының өкілдері болатын.
Жаңадан ірге көтерген оқу орнында оқытушылардың да, студенттердің де қатарындаа жергілікті ұлт өкілдерінің қарасы аз болуының себебі, олардың негізінен Украинадан эвакуацияланғандардан құрылғандығы еді.
Институт ұжымы соғыс жылдары басқа мекемелермен бірге қорғаныс қорына заттай және ақшалай қаражат жинап аударып отырды, сондай-ақ гидростанция салу құрылысына да қатысып, колхоздарда дәнді дақыл мен мақта жинауға т.б. маусымдық жұмыстарға белсене көмектісті.
К.Деляурдан кейін институт басшылығына 1944 жылы Сафа Үмбеталин келді. Ол институттың профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға баса көңіл бөліп, «Силикаттар технологиясы» мен «Физика» лабораториясының ашылуына, институттың материалдық-техникалық базасының қалыптасуына, нақтырақ айтқанда 500 студентке арналған жатақхана ғимаратын салуға, 700 орындық оқу ғимаратының құрылысын жүргізуді қолға алды.
1948 жылы институтты инженер-технолог силикатшы мамандығы бойынша тұңғыш рет 23 түлек бітіріп шықты. 1950 жылы институтты бітірген 29 түлектің екеуі Қазақстан кәсіпорындарына, үшеуі Өзбекстан, біреуі Тәжікстан, екеуі Башқұртстанға, екеуі Арменияға, алтауы Сібірге, Екеуі Қиыр Шығысқа, біреуі Орталық Ресейге, екеуі Украинаға жіберілді. Осылайша институтты бітірген мамандар бүкіл Одақ бойынша кең сұраныс тапқандығын көреміз.
1948-1957 жылдар ішінде институтты 532 маман бітіріп шықты. 1956 институт алғаш рет «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары» мамандығына студенттер қабылдады. 1957 жылы «Тоңазытқыш және компрессорлық қондырғылармен машиналар», «Ет және сүт өнімдерінің технологиясы», «Астық өңдеудің технологиясы және сақталуы» мамандықтары ашылды.
1957 жылы институтта Аркадий Владимирович Измаилов директор болған жылдары технологиялық және механикалық факультеттер жұмыс істеді.
Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Қ.Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол еңбек сіңіріп, оқу ғимараттар кешенін салу үшін қаржы бөлуге көп ықпал етті.
КСРО Жоғары білім министірлігінің бұйрығымен 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ технологиялық институтының кешкі филиалы ашылып, ол 1959 жылы күндізгі факультет құрылды. Осының негізінде кейінірек Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институты ашылды.
1963 жылы Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің бұйрығымен Семей қаласында Қазақ технологиялық институтының филиалы ашылып, соңынан Тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына айналды. Осылайша Шымкенттегі Қазақ технологиялық институты екі дербес жоғары оқу орнына өмірге жолдама берді, олар кейінірек ірі білім ошақтарына айналды.
1959 жылы институттың ректорлығына осы оқу орнының түлегі, 30 жастағы С.Т.Сүлейменов тағайындалды. Сұлтан Тәшірбайұлы оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен ғылыми потенциалын өркендету жолында бар күш-жігері мен білімін жұмсады. Ол басқарған жылдар ішінде университеттің бас ғимараты мен «А», «Б» оқу корпустары, 4 бірдей студенттер жатақханасы, асхана, «Машат» шатқалындағы демалыс лагері, оқу-лабораториялық және спорт кешендері салынды. Сүлейменов басшылық еткен тұста институт құрамында 7 факультет, 33 кафедра, 304 оқытушы-профессорлар, оның ішінде 39 ғылым кандидаты мен доценттері дәріс беретін, 5 мыңға жуық студент оқитын еліміздегі ірі жоғары оқу орны ретінде белгілі болды. Институт аспирантурасын бітіргендерден 21 адам кандидаттық диссертациясын қорғап, 2082 түлек инженер мамандығын алып, халық шаруашылығының түрлі саласында жемісті еңбек етті.
1963-1964 оқу жылында студенттердің саны 4312-ге жетті, сәйкесінше қазақ студенттерінің саны 1212-ге жетті, олардың 195-і қазақ қыздары еді. Осы жылдар аралығында институт кітапханасындағы кітап қоры 7 мыңнан 111457-ге жетті.
1975-1980 жылдар аралығында оқу орнына З.Молдахметов басшылық етті. Осы кезеңде «В» оқу ғимараты тұрғызылды. Зейнолла Молдахметұлының бастамасымен 1977 жылы «Химия өндірісінің заманауи машиналары мен аппараттары» атты Бүкілодақтық 1-ші конференция өткізіліп, 1979 жылы теориялық химия бойынша бүкілодақтық мектептің негізі қаланды.
Ал осынау оқу орнына қатардағы ассистенттен оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтері баспалдақтарынан өткен Ш.М.Молдабеков 1980-1987 жылдарда басшылық жасап, осы кезеңде 2 студенттер жатақханасы, оқытушыларға арналған 2 тұрғын үй, «Машат» сауықтыру кешенінде көптеген жаңа құрылыстар бой көтерді, институт республика жоғары оқу орындары арасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ең жақсы оқу орнына айналды.
Ғылыми зерттеу саласында да айтарлықтай үлкен табыстарға қол жеткізілді. Айталық 1980 жылы институтта 133 ғылым кандидаты болғанымен, ғылым докторлары мүлде жоқ еді. Еселі еңбектің, шынайы жанашырлықтың арқасында, айналасы 7-8 жылдың ішінде, нақтырақ айтқанда 1988 жылы ғылым кандидаттарының саны 276-ға, ғылым докторларының саны 13-ке дейін артты. Жаңа салалық және проблемалық ғылыми зертханалар, 3 ғылыми-өндірістік оқу кешені, кәсіпорындарда 7 филиалдар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеулер өндіріспен тығыз байланыстырылды.
1988-1991 жылдары институтты М.Қ.Наурызбаев басқарған кезеңде «Г» және «Д» оқу-зертханалық ғимараттары пайдалануға берілсе, Т.Ш.Кәлменов жетекшілік еткен 1991-1997 жылдары Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орнымыз еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды.
Оқу орнына 1997-1998 жылдары А.И.Айнабеков ректор болған кезде коллоидтік химия, түсті металдар технологиясы, механика мамандықтары бойынша докторантура мен аспирантура ашылып, үздік студенттердің екінші курстан кейін Ресейдің оқу орындарында тегін білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ университетте «Оңтүстік Қазақстандағы ғылым мен білім» ғылыми журналы жарық көре бастады.
1996 жылы ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Үкіметтің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді. Шымкент педагогикалық мәдениет институтын 1967-1977 жылдары С.Т.Темірбеков, 1977-1996 М.Ж.Жүнісбаев, ал Шымкент дене тәрбиесі институтын 1990-1996 жылдары М.С.Сапарбаев басқарған еді.
1996 жылы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетіне ректор болып тағайындалған Е.Ө.Медеуов 1998 жылдан 2001 жылға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне басшылық етті. Ол жоғары білікті кадрларды сақтап қалуға үлкен көңіл бөле отырып, оқытушыларға қосымша жалақы төлеу жүйесінің енгізілуіне мейлінше күш салды.
2012 жылдан бастап оқу орнын Мырхалықов Жұмахан Үшкемпірұлы басқарып келді. Ж.Мырхалықовтың басшылығымен ғылымды басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, орындалып жатқан ғылыми және білім беру жобалар саны 3,5 есеге артты. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған «Инновациялық Қазақстан» республикалық жастар конкурсының нәтижесі бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қазақстан Республикасының екінші инновациялық ЖОО болып танылды.
Тарихы тереңде жатқан өңіріміздегі оқу орнына бүгінгі күнде тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.Қожамжарова басшылық етеді.
Университетте 2018-2019 оқу жылында 18145 бакалавриат, оның ішінде 13304 күндізгі, 4180 сырттай, 661 кешкі бөлімде білім алуда. Бакалаврлардың мемлекеттік білім гранты негізінде білім алушылар саны - 6085 студент.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінде 800-ге тарта студент білім алып жатса, оның 600-ге жуығы мемлекеттік білім гранты негізінде, Дайындық курсындағы 170 тыңдаушының 143-і мемлекеттік білім гранты негізінде.
Магистратурада білім алушы 1182 магистранттың 1038-і мемлекеттік білім гранты негізінде, 133 докторанттың 106-сы мемлекеттік білім гранты негізінде білімдерін арттыруда.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын тиісінше өз деңгейінде жүзеге асыруға, оның студент жастар арасында мейлінше насихатталуына, БАҚ беттерінде кеңінен жариялануына баса мән беріліп отыр. Шындығында жастарымыздың ұлттық рухын көтеріп, отансүйгіштік қасиеттерін арттыратын, оларды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге сеп болатын бұл ауқымды мемлекеттік бағдарламаның берері көп. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Олардың қатарында «Цифрлы Қазақстан», «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті», «Туған жер», «Жас патриот», «Алтын қор», «Геоақпараттық технология бойынша Қазақстан тарихын оқытудың мультимедиялық бағдарламасын құру», «100 жаңа есім» т.б. жобаларының қолға алынуы мен «Елбасытану» ғылыми-әдістемелік орталығының ашылуын айрықша атап көрсетуге болады.Университетімізде биылғы жылы ұзын саны 9 кіші жоба жүзеге асырылса, 2018-2020 жылдарға 11 кіші жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Университетіміздің осындай биік белестерге көтерілуінде оқу орнын әр жылдары басқарған ректорлардың еңбегі ерекше екенін жоғарыда келтірілген мәліметтерден байқауға болады. Олардың өмір жолы, ғибратты ғұмыры білімді де өрелі жасқа қашанда үлгі-өнеге болары анық.
Біздің университеттен түлеп ұшып, білім көкжиегін бағындырған түлектер арасында да елімізге белгілі тұлғалар, өз саласының майталмандары аз емес. Олардың қатарындағы З.Тұрысбеков, А.Тшанов, П.Әбубәкіров, Н.Сәрсенов, С.Сейітжанов, Ж.Сұлтанов, В.Колесниченко, М.Жұрынов, Ә.Құртаев, Е.Мұсабеков, Е.Хасанғалиев, М.Жүнісова, Н.Есқалиева, Б.Саттарханов т.б. сияқты есімдері елге белгілі отандастарымыздың біздің университеттің түлектері екенін зор мақтаныш тұтамыз.
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ - БҮГІН
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті - жоғары білікті кадрларды даярлауды, ғылыми зерттеулер жүргізуді жүзеге асыратын, елдің инновациялық - индустриялық және әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми қамтамасыз ететін, ғылымның, білім мен инновациялардың тығыз интеграциясы негізінде жоғары білікті кадрларды даярлау іске асырылатын қазіргі заманғы ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған, оңтүстік өңірдің ғылыми-білім беру, зияткерлік және мәдени орталығы болып табылатын елдің ірі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары Қазақстан мен Орта Азия республикаларында құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өнеркәсібіне арнайы инженерлік кадрларды дайындау қажеттілігі туындады. Осылайша, 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің №679-шы бұйрығымен Шымкент қаласында Құрылыс материалдарының технологиясы институты құрылды.
Университет - еліміз бойынша ең үлкен студенттік корпусы бар, дайындықтың 3 деңгейлі сатысы (бакалавриат, магистратура, докторантура) 300-ден астам БББ бойынша 30 мыңға жуық студент білім алатын оқу ордасы. Озық та, сапалы білім беруді мақсат еткен университеттің кадрлық құрамы 2000-ға жуық ғалымдар мен жоғары білікті мамандардан, білім, ғылым, мәдениет және спортқа еңбек сіңірген қайраткерлерден тұрады, оның ішінде 15 академик, әртүрлі академиялардың 14 корреспондент - мүшесі, 85 ғылым докторы, 500 ғылым кандидаты, 100-ден астам PhD докторлары, 785 ғылым магистрлері және өнеркәсіптен шақырылған 453 маман жұмыс атқарады.
Профессор- оқытушылар құрамында «ЖОО үздік оқытушысы» атағының 300-ден астам иегері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 100-ден астам түлегі, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 8 лауреаты және 1 Нобель сыйлығының лауреаты қызмет атқарады.
Әуезов университеті жаһандық рейтингтерінде келесі жүлделі орындарға ие:
- Азия аймағындағы 856-дан астам үздік университеттерді қамтитын аймақтық QS Asian University Rankings-2024 рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚУ 144-орынға ие болды.
-UI GreenMetric World University Rankings-2023 жаһандық университет рейтингінде М.Әуезов атындағы ОҚУ әлемдік кестеде 1183 университет арасында 253-орынға ие болды.
-QS World University Rankings – QS WUR-2025 рейтингінде университет 621 орынды иеленді.
-Беделді британдық рейтингтік Quacquarelli Symonds (QS) агенттігінің аудитінен өтіп, нәтижесінде 4 жұлдызды (☆☆☆☆) жоғары рейтингке ие болды.
-QS Stars аудитінің нәтижелері бойынша университетке келесі көрсеткіштер бойынша ең жоғары рейтинг – бес жұлдыз (☆☆☆☆☆) берілді: «Оқыту», «Жұмыспен қамту», «Онлайн оқыту» және «Инклюзивтілік».
-QS Sustainability-2024 тұрақты даму рейтингінде университет әлемдегі 1403 университеттің ішінде 981-1000 орынға ие болды.
-Times Higher Education-Impact Rankings халықаралық рейтингінде 2024 жылы үздік 1001-1500 қатарына енді.
Ал, 2024 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінің қорытындысы бойынша Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі (БСҚТА) рейтингінде университет еліміздегі ЖОО-ның ішінде 2-ші орынды иеленді.
Қазіргі таңда ЖОО білім алушыларының жалпы контингенті 21440 адамды құрайды, оның ішінде бакалавриат - 20 273 (94,5 %), магистратура -945 адам (4,4 %); PhD докторантура -222, ЖОО-ның жалпы контингентінен (1,04 %). Шетелдік студенттер саны -1074 адам (5,01 %).
Университетте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша 328 білім беру бағдарламасы, 71 бағыты бойынша, 174 бакалавриат, 122 магистратура, 32 докторантура және 2 қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын қамтып, 16 білім беру бағдарламалары бойынша 11 диссертациялық кеңес белсенді жұмыс атқаруда, сонымен қатар 43 әріптес стейкхолдермен біріктірілген дуалды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады.
240 білім беру бағдарламасы аккредителінген. 11 бағдарлама Германияның АСИИН агенттігімен сәтті аккредиттелген, оның ішінде 4 бакалавриат бағдарламасы Еуробакалавр сапа белгісін, 3 магистратура бағдарламасы химия саласындағы үздік білім беру бағдарламаларына берілетін Еуромастер сапа белгісін алды.
Университетте білім беруді интернационалдандыру бағытында жұмыстар белсенді атқарылуда. Халықаралық ынтымақтастық 35 жақын және алыс шетелдердің 284 шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен жүзеге асырылады, олардың ішінде 30-ы стратегиялық серіктестер. Халықаралық серіктестік аясында білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, шетелдік ғалымдар мен мамандарды тарту, халықаралық бағдарламалар шеңберіндегі бірлескен жобалардың жүзеге асыру, магистранттар мен PhD докторанттардың ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру, бірлескен білім беру мен қос диплом бағдарламалары және т.б. бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Университетімізге соңғы екі жылда Ұлыбритания, Малайзия, Түркия, Ресей Федерациясы, Беларусь, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Үндістан және ТМД елдерінен 352 шетелдік мамандар бірлескен оқу және ғылыми қызметке шақырылды.
ЖОО Еуропа мен ТМД елдерінің 12 халықаралық қауымдастық мен консорциум мүшесі, соның ішінде EAU, ISEKI, IAESTE, EURASHE, IWA, ECTN, ТМД Желілік университет, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Университеті және т.б.
ЖОО Еуропа мен ТМД елдерінің 12 халықаралық қауымдастықтары мен консорциумдарының мүшесі, ЖОО-ның 5 консорциумының қатысушысы және 15 халықаралық ұйымға мүше. ТОП-500 QS құрамына кіретін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікте 2 диплом бере отырып, 11 бірлескен Білім беру бағдарламалары іске асырылуда.
Университетте қазіргі таңда Француз Альянсы, Институт Кинг Седжонг атты корей білім беру орталығы, TOEFL аймақтық бірлескен орталықтары белсенді жұмыс жасауда. Сонымен қатар, университетімізде ағылшын, қытай, француз, корей тілдері оқытылады.
2021 жылдан бастап, «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ауезов университетіміздің 41 оқытушы мен ғалым иегер атанып, Ұлыбританияның Уорвик, Рединг, Орталық Ланкашир университеттерінде, АҚШ-тың Миннесота және Иллинойс университетінде, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде және тағы да басқа университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтті.
2024 жылы университет ғалымдары қаржы көлемі 1 млрд. 249 млн.теңгеден асатын 17 жоба ұтып алды. 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде ғылымды дамытудың 5 басым бағыты бойынша қаржы көлемі 677 миллионнан асатын 7 жоба, «Жас ғалым» конкурсы бойынша ғылымды дамытудың 4 басым бағыты бойынша қаржы көлемі 230 миллионнан асатын 8 жоба, 2024-2026 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде ғылымды дамытудың 1 басым бағыты бойынша қаржы көлемі 87 миллионнан асатын 1 жоба, 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми жобаларды нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде қаржы көлемі 255 миллионды құрайтын 1 бағдарлама ұтып алынды.
Қазіргі таңда қаржы көлемі 1 млрд 400 млн. теңгені құрайтын 62 жоба орындалуда. Осылайша, Сонымен қатар ағымдағы жылы Auezov university ғалымдары қаржы көлемі 1 млрд. 249 млн.теңгеден асатын 17 жоба ұтып алды.
«Ғылым қоры» АҚ ғылыми қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсы бойынша 2024 жылғы тамызда университет ғалымдары екі грантты жеңіп алды. Орындалу мерзімі- 2024-2026 жылдар, екі коммерцияландыру жобасының жалпы сомасы -874 042 646 теңге.
Университет ғалымдары мен ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде кремний оксиді көміртегімен және темірмен өзара әрекеттескен кезде темір силицидтерінің түзілуін жеделдету бойынша ғылыми жаңалық ашылды, сонымен қатар Әуезов ғалымдары «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ-мен бірлесіп титанды ыдырату жөніндегі ғылыми жаңалықты тіркеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды орындау үшін 178 орындаушы, оның ішінде 20-дан астам шетелдік ғалымдар жұмылдырылған. Ғылыми процеске 17 ғылыми зертхана, 1 аккредиттелген «Конструкциялық және биохимиялық материалдар» инженерлік бейіндегі аймақтық сынақ зертханасы материалдар" инженерлік бейіндегі өңірлік сертификаттық сынақ зертханасы тартылған.
2023 жылдың наурыз айынан бастап университеттің барлық білім алушылары Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесімен бекітілген «Coursera» платформасындағы онлайн курстарға квота негізінде қол жеткізді, ал «Courseraның» ең үздік 654 курсы мемлекеттік тілге аударылған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 4500 астам білім алушылары «Coursera» платформасындағы Meta, IBM әлемдік көшбасшы компанияларында онлайн курстарында оқуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, Әуезов университеті өзінің үшінші миссиясын әлеуметтік жауапты университет ретінде жүзеге асыра отырып, «Толық адам» контекстінде көшбасшылық және коммуникативтік құзыреттілікке ие жеке тұлғаны қалыптастыра отырып, өңірдің және елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді қатысады. Осы тұжырымдама шеңберінде білім алушылардың 83 %-ы жастар ұйымдарының қызметіне, университеттің студенттік өзін-өзі басқару және алқалы басқару органдарына, 40%-ы еріктілер қозғалысына, 30 %-дан астамы салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша спорт секцияларына қатысады.
Ағымдағы жылы мемлекеттік -жекеменшік серіктестік аясында Шымкент қаласындағы «SUNRISE СҮ» ЖШС-і Әуезов университетінің студенттері үшін 550 орындық қонақжай үлгісіндегі «Студенттер үйі» қолданысқа берілді. Сонымен қатар «Шарталь» жеке кәсіпкерімен келісімшартқа отырып, мемлекеттік -жекеменшік серіктестік аясында салынған 1000 орындық екі жатақхана да университет студенттерінің игілігіне арналған. Жаңа жатақханалар заманауи дизайнмен және студенттердің қажеттіліктеріне сай жабдықталған, оларда оқу және демалыс аймақтары, спорт залдары және өзге де қажетті инфрақұрылым бар. Бұл жатақханалар студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуға және олардың оқу үдерісіне оң әсерін тигізуге бағытталған.
М.Әуезов ОҚУ өзінің үшінші миссиясын орындау және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 2021 жылдан бастап, «Салиқалы университет» жобасын іске асыра бастады, ол аға буын өкілдерінің шығармашылық және кәсіби дамуына және олардың белсенді еңбек қызметіне оралуына жағдай жасауға бағытталған.
Жобаның мақсаты: Зейнет жасындағы азаматтардың кәсіби және белсенді ұзақ өмір сүруі үшін жағдай жасау, өмір сүру сапасын арттыру: Жаңа мамандықтарды игеруге мүмкіндік беру және қоғамдық өмірге белсенді араластыру.
Университетіміздің оқу үдерісін оңтайландыру, қызметкерлердің жұмысын жеңілдету және толық цифрлық форматқа өту мақсатында «SMART» платформасы жасалды. Бүгінгі таңда «SMART» платформасы адами ресурстарды үнемдеп, адалдық лига талаптарына сай тәуекелдерді азайтып келеді.