Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығы жаңалықтары
Хантағы мұрасы – ұрпаққа аманат
Туған тарихыңды танып-білмей болашағыңды бағамдай алмайсың. Елбасымыз да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», - деген болатын. Олай болса өлке тарихына терең үңіліп, ел аузында жүрген тарихи орындарды, көне мекендерді зерттеп – зерделеу маңызды іс деп білеміз. Біздің Оңтүстік өңірінде де мұндай аты аңызға айналған киелі мекендер аз емес. Солардың бірі - Қаратау баурайында орналасқан, өз заманында мәдениет пен өнердің, сауда мен өркениеттің орталығы болған Хантағы ауылы.
Жуырда Кентау қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» көне мекенді көпшілікке кеңінен танытуды мұрат тұтқан «Хантағы мұрасы – ұрпаққа аманат» атты ғылыми теориялық конференция өтті.
Конференцияны Кентау қаласының әкімі Ә.Мақұлбаев ашып беріп, модератор қызметін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ЖОО-на дейінгі дайындық орталығының басшысы, профессоры, облыстық тарихшылар мен саясаттанушылар қоғамының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Сейдахан Әлібек атқарды. Конференцияға арнайы шақырылған тарихшылар қатарында орталығымыздың PhD докторы Б.Изенбаев және бірнеше жас ғалымдар болды.
Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар өз баяндамаларын оқып, Хантағы туралы деректерді талдап-таразылап, оны туризмге жаңа өріс ашатын орынға айналдыру мәселелеріне тоқталды. Әсіресе Қаратау маңындағы Хантағының кешегі және бүгінгі тарихы, Хантағы үңгірінен табылған тарихи жәдігерлердің баға жетпес құндылығы сөз болды.
Конференция соңында еліміздің рухани жаңғыруына елеулі түрде ықпал ететін бұл мекеннің ұрпақ тәрбиесі үшін маңыздылығы атап көрсетіліп, бірнеше «Қарар» қабылданды. Сондай-ақ Кентау қаласының Құрметті азаматы Р.Балабиевтің сөзіне жазылған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Б.Серделі мен белгілі сазгер Ә.Ботқараевтың «Хантағы» әні орындалып, қала әкімі Ә.Мақұлбаев конференцияны қорытындылады.