Жаңалықтар
КОНСТИТУЦИЯ – ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ, ЗАҢДАРДЫҢ ҚАЙНАР БАСТАУЫ
- Қаралды: 320
КОНСТИТУЦИЯ – ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ, ЗАҢДАРДЫҢ ҚАЙНАР БАСТАУЫ
Қоғамды бір жүйе ретінде қарастырсақ, оны реттейтін тәртіптің болуы заңдылық. Адам ағзасын ми басқарса, қоғамдағы қарым-қатынасты жүйелеп отыратын заңдар мен ережелер болады. Міне осылардың жиынтығын Конституция құрайды. Яғни Конституция елдің негізгі заңы боп саналады және осыған қарай бүкіл заңдар мен құқықтық нормалар түзіледі. Егер қандай да бір тәртіптік норма Конституция ережесіне сай келмесе ол заң болып есептелмейді.
Демократияландырудың түп қазығы – Конституцияда жатыр. Кез келген заң, нормативті-құқықтық актінің қайнар бастауы – Конституциядан келіп шығады. Қазақстан Республикасы Конституциясының басқалардан ерекшелігі – біздің Ата заңда Президент, Үкімет, Парламент, Конституциялық кеңес, жергілікті мемлекеттік басқару құзыреттері, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, тіл саясаты, сот және сот төрелігі, меншіктік қатынас және өзге де ереже, талаптар нақты әрі айқын көрсетілген. Кейбір шетелдік конституцияларда ол жалпылама сипат алған. Олармен салыстырғанда қазақ елінің Басты құжатында жүйелілік сипат басым.
Көпшілік адам Конституцияны тек заңгерлер үшін қажет деп ойлайды. Ал негізінде Конституция азаматтардың еркіндігіне, ар-ожданына кепілдік беретін мемлекеттің басты құжаты болып есептеледі. Сондықтан да құқық мәселесінде Ата заңның нормалары адам баласының барлығына бірдей қажет. Конституцияның қарапайым ережелерін білу жаспен немесе мансаппен өлшенбейді. Сол үшін де Бас құжаттың негізгі қағидаттарын оқып үйрену баршаға парыз.
Конституция аясында түзілген нормативті-құқықтық актілердің саны мыңнан асады. Осының барлығын жатқа білу керек демеймін. Бірақ конституциялық мәдениеттілікке талпынуымыз керек. Анығы балаларды жас кезінен Конституцияны құрметтеуге үйретуіміз қажет. Сондықтан конституциялық мәдениеттілік деген пән келешекте мектептің оқыту бағдарламасына арнайы енгізілуі тиіс.
Гүлбақыт ДУЛАТОВА, М.Әуезов атындағы ОҚУ Парасат басқармасының басшысы