Жаңалықтар
ӨМІР БОЙЫ ОҚЫТУ – ЖАҢА МҮМКІНДІК
- Қаралды: 335
Қазақстандықтар үшін өмір бойы оқыту тұжырымдамасы – өзекті және маңызды. Осы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде нақты жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында университеттің «Қосымша білім беру орталығы» ұйымдастырған «Цифрлық сауаттылық және онлайн оқытудың әдістемесі» курсынынан салиқалы жастағы 164 азамат, «Күміс университет» жобасы аясында «Цифрлық куратор» курсынан 16 тыңдаушы дәріс алған. Өмір бойы оқытудың мүмкіндіктері жайында «Қосымша білім беру орталығы» басшысы Райымберді Аманұлы Рысдәулетовпен сұхбаттастық.
Райымберді Аманұлы, алдымен бұл тұжырымдаманың маңыздылығын қысқаша түсіндіріп берсеңіз?
– Соңғы онжылдықтарда өзекті трендке айналған ұғымның қоғамда расында маңыздылығы артып келеді. Бұл адамның кәсіби дағдылары мен білімінің үнемі жаңаруы ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіруі мен жеке өсуінің үздіксіз процестері. Яғни, өмір бойы жаңа дағдыларды игеруге саналы түрде ұмтылу деген сөз. Ал бұл өз кезегінде білім алушының қабілеттерін дамытуға, танысу шеңберін кеңейтуге, әлем туралы мүмкіндіктер мен идеялар, психологиялық денсаулықты жақсарту арқылы адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
–Тұжырымдама университетте қалай жүзеге асып жатыр?
–Үздіксіз білім алу тұжырымдамасы университетімізде қосымша білім беру бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда 60 астам қосымша білім беру бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа ендірілген. Тек біз мұнымен ғана жұмыс істемейміз, білім жетілдіруге келетін азаматтардың талап-тілегіне қарай бағдарлама дайындауға мүмкіндігіміз де бар екенін айтқым келеді. Ендігі кезекте, оқу орнымызда өмір бойы оқыту тұжырымдамасының жүзеге асырып жүрген негізгі 3 бағытына тоқталып өтсем.
Бірінші бағыт, біліктілік арттыру, яғни, қосымша білім беру орталығы университеттің профессор-оқытушы құрамы мен аймақтағы білім беру мекемелері, кәсіпорындардың қызметкерлері тағылымда және тақырыптық біліктілікті арттыру курстырын ұйымдастырады. Бұл бағыт әрбір қызметкердің заман талабына сәйкес құзыреттілік деңгейін арттырып, жаңа білім мен дағдыларды қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Екінші бағыт педагогтік қайта даярлау курстары. Бұл «Педагогтік қайта даярлау қағидаларын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылып, қазіргі таңда білім беру бағдарламасы 13 бағыт бойынша әзірленіп, мелекеттік реестрге ендірілген. Мәселен, жоғары білім бар азамат мектепте жұмыс істегісі келеді делік, бірақ педагогикалық білімі жоқ. Бұл жағдайда біздің орталықта алты айлық қайта даярлау курсына жазылып, қосымша 41 кредит көлемінде педагогикалық-психологиялық модульдерді игеріп, арнайы мемлекеттік кешенді емтиханды сәтті тапсырып, тиісті үлгідегі сертификатқа ие болу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, өмір бойы білім алудың тиімділігі сол, ол азаматтар тоқтап қалмай, қайта даярлаудан өтіп, жұмыс істеу қабілетін жақсартады. «Қосымша білім беру орталығындағы» аталған курстан қазіргі таңда 50 жастағы білім алушының өтіп жатқаны соның бір айғағы.
Үшінші бағыт, «Күміс университет», мұны бізде «Салиқалы университет» жобасы деп те атап жүрміз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде әсіресе Еуропа елдерінде еңбекке қабілетті халық «қартайып» жатыр. Сондықтан ол елдерде салиқалы жастағы жандарды қайта даярлау мәселесіне қатты көңіл бөлінген. Бізде бұл жобаны жүзеге асырудан бұрын Москва қалалық педагогкалық университетімен тәжірибе алмастық. Қазақ қоғамында бұл бағытқа келгенде менталитет бөлекше, бұл кейін бір тоқталатын мәселе...
«Күміс университет» жобасының негізігі мақсаты тек зейнет жасындағы жандардың біліктілігін арттыру ғана емес, оларды бір идея аясында біріктіру, басын қосу, бір-бірімен қарым-қатынасын жақсарту, яғни оларды белсенді қоғамдық өмірге қайтару болып табылады.
Қазіргі таңда Әуезов университеті бұл жобаны университеттің үшінші миссиясына сәйкес Шымкент қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, жүзеге асырып жатыр. Онда көптеген курстар қарастырылған, атап айтқанда соны бірі – «Цифрлық куратор» деп аталатын қысқа мерзімді курс жұмыс істейді. Курс қолданбалы бағдарламалармен, компьютерлік желілермен және интернетпен, электрондық үкімет ресурстарымен және онлайн платформалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға, «Бағбан» курсында бөлме өсімдіктерін, жеміс және декоративті ағаштарды күтіп-баптау, бау-бақшада күзде және көктемде жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыру, бау-бақша зианкестерімен күресу әдіс-тәсілдерін үйреніп, нақты практикалық дағдылары қалыптастырылады. Сонымен бірге «Бала күту», «Бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыру» секілді қажетті мамандықтарды да игеруге болады.
Алдағы уақытта «Цифрлық куратор», «Тігіншілік», «Құқықтық сауаттылық», «Салауатты өмір салты», «Тілдік», «Шахмат мектебі», «Бағбан» секілді курстардың мерзімін ұзарту жоспарланып отыр.
Әңгімеңізге рахмет!