Жаңалықтар
ERASMUS+ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ-СЕССИЯ ӨТТІ
- Қаралды: 80
Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарына жұмыс сапарын М.Әуезов атындағы ОҚУ-дан бастады. Университеттің Басқарма Төрағасы-ректордың м.у.а. Ғани Бесбаев мәртебелі мейманмен кездесуде оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті жоғары екенін атап өтті. –Әуезов университеті 35 шет мемлекеттегі ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары және өзге де ұйымдармен 200-ден аса ынтымақтастық келісімге отырған. Жыл сайын 200-ден аса студентіміз академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында алыс және жақын шет елдердегі жоғары оқу орындарында білім алады. Ал Erasmus+ бағдарламасымен 2019-2023 жылдар аралығында 5 жоба іске асты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, - деді Ғани Әбзелбекұлы.
Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова Әуезов университетінің аталған бағдарлама аясындағы жобалары саны, сапасы да жағынан жоғары нәтиже көрсеткенін және оқу ордасы мол тәжірибе жинағанын тілге тиек етті. Бірлескен жоба ары қарай жалғасын табатынына сенім білдірді.
Лаура Палуанова ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен басқосқан ақпараттық-сессияда Erasmus+ бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері, бағдарламадағы соңғы өзгерістер, әрбір бағыты жайында толық ақпарат берді.