ТЕМІРБЕКОВ СӘДУАҚАС ТЕМІРБЕКҰЛЫ
1932 жылы каңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келді.
1949 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемелекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түсті.
1954 жылы оқуын аяқтап, Қызылорда облыстық лекциялық бюросына директор болып жіберілді.
1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Білім» қоғамы бөлімшесінің референті болды.
1957-1958 жылдары Шымкент педагогикалық институтының марксизм-ленинизм кабинетінің меңгерушісі.
1965 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті философия факультетінің ғылыми кеңесінде философия ғылымдарының кандидаттығын алу үшін диссертация қорғады.
1967 жылы Шымкентте педагогикалық мәдениет институты ашылды, ол мәдени-ағарту мекемелеріне жоғары білікті мамандар даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір оқу орны болып табылды. Оқу орнына 1975 жылы ұлы ойшыл әл-Фарабидің есімі берілді. С.Т.Темірбеков институттың негізін қалаушы әрі алғашқы ректоры болып, оны 1978 жылға дейін басқарды.
Оқу орнын С.Т.Темірбеков басқарған он жылда үлкен жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Институт ашылған жылы мұндағы 225 студентке 30 оқытушы сабақ беретін, олардың ғылыми дәрежесі барлары үшеу ғана еді.
Небәрі 35 жастағы ректор жұмысқа қызу кірісті. Оның шақыруымен институтқа Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Киев, Одесса, Барнаул, Ташкент және Алматының мәдениет институттары мен консерваторияларының үздік түлектері жұмысқа келді. Институттың алғашқы түлектері Мәскеу мен Ленинградта тәжірибеден өтіп, аспирантураға түсіп, ғылым кандидаттары болып оралды.
Институтта «Қобызшылар», «Фараби сазы», «Қазына» шығармашылық ұжымдары құрылып, кейіннен республикаға және одан да тыс жерлерге танылды.
1976-1977 оқу жылында студенттер саны 1727- ге жетті. Институт Қазақстанның барлық облыстарынан жолдамамен келген жастарға білім берді. Кафедралардың саны бесеуден он үшке жетті, оқытушылар саны 137-ге жетті, олардың ішінде ғылыми дәрежесі мен атағы барлар 4 есе өсті. Тек 1976 жылдың өзінде Ресейдің жоғары оқу орындарының аспирантурасына 7 оқытушы жіберілді. Институт кітапханасының кітап қоры 18 мыңнан 130 мың данаға жетті.
1978 жылдың сәуірінен 1986 жылдың желтоқсанына дейін С.Т.Темірбеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және білім мекемелері бөлімін басқарды, ал кейінгі жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры қызметінде болды. 1980 және 1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.