Сембиев Ордабай Зайтайұлы - инновациялық қызмет жөніндегі проректор
Сембиев Ордабай Зайтайұлы - техника ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің инновациялық қызмет жөніндегі проректоры.
Сембиев Ордабай Зайтайұлы 1958 жылы наурыздың 10 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы Қосағаш ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің «Математика» мамандығына оқуға түсіп, оны жылы 1980 бітірген.
1980ж.-1984ж. аралығында Қазақ химия – технологиялақ институтының «Жоғары математика» кафедрасында оқытушы болып қызмет жасады.
1984ж.-1988ж. Москва Авиациялық институтының зерттеушісі, аспиранты болған. 1988ж. -1997ж. аралығында Қазақ химия-технологиялық институтының «Есептеу және қолданбалы математика» кафедрасының аға оқытушы қызметін атқарған. 1992 жылы Москва Авиациялық институтында «Массаны бөліп енгізуін есепке алатын бірқалыпты емес ағындарды сандық әдіспен зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.
1997ж. бастап М. Әуезов атындағы университеттің «Информатика» кафедрасының доценті қызметін атқарды. 1998ж.-2001ж. аралығында 05.17.08- «Химиялық технологиялардың процесстері мен аппараттары» мамандығының докторанты болып, 2007жылы «Жоғары температуралы процесстердегі улы заттардың жанып кетуін модельдеудің ғылыми негіздемелері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.
2002ж.-2008ж. аралығында «Информатика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
О.З. Сембиев 2008 жылы Қазақстан Білім және Ғылым Министрлігінің шешімімен «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орнындарының үздік оқытушысы» атағын алған. 2010-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғары білімнен кейінгі білім факультетінің деканы қызметін атқарды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Сембиев Ордабай Зайтайұлына «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілген.
2011-2012 жылдары «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2012 жылдан бастап Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі.
2012-2014 жылдары «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» кафедрасының профессоры қызметін атқарды.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде инновациялық қызмет жөніндегі проректоры қызметін атқаруда.
Ордабай Зайтайұлы Сембиев халықаралық және республикалық ғылыми -әдістемелік конференцияларда жарияланған 105 ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. О.З. Сембиевтің жетекшілігімен 2-ғылым кандидаты, 1-Phd, 20-дан астам магистрлер дайындалды.