Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығы
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрамындағы «Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығы» өзінің жаңа жеке сайтының ашылғанын хабарлайды.
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қолға алған ірі шараларының бірі - тағдырдың тәлкегімен әлемнің әр түкпіріне шашырап кеткен қандастарымызды атажұртқа оралту және шетелдердегі қазақ жастарына Қазақстанда білім беруді қолға алу болды. Осы мақсатта Елбасымыздың салихалы саясатының негізінде қазақ жастарына тегін білім беріп, ЖОО-на дайындау ісі дұрыс жолға қойылып отыр.
2018 жылдың тамыз айынан осында оқып жүрген шетел студенттері университеттің халықаралық қатынастар бөлімінің қарамағына берілді. Ал жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімі жоғары оқу орнына дейінгі дербес Орталық болып қайта құрылды.
Орталық үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
- шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған дайындық курстары;
- шетел азаматтарына арналған ақылы негіздегі дайындық курстары;
- облыс пен мектеп бітірушілеріне арналған дайындық курстары.
Орталық ұжымы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен, көршілес елдердегі қазақ мәдени орталықтарымен, оралмандарды бейімдеу орталықтарымен, ішкі істер басқармасының көші-қон бөлімімен тығыз байланыс орната отырып, кең көлемдегі кәсіби бағдар жұмысын жүргізіп келеді.
Бүгінде орталықта 103 шетелдік қазақ жастары жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын дайындық бөлімінде өз білімдерін шыңдауда. Орталықта дайындықтан өткен тыңдаушылардың 80 пайыздан астамы мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарына түсіп келді. Сонымен қатар АҚШ, Германия Нидерланды сияқты елдердің азаматтары да білім алып жатыр.
Тыңдаушыларға білім алу үшін қажетті жағдайлар толық жасалынған. Кітапханалар, оқу залдары оларға тегін қызмет көрсетеді. Ғылыми ізденіс үйірмелері, шығармашылық студиялар, спорттық үйірмелер тыңдаушылар үшін сабақтан бос уақытты мазмұнды әрі қызықты өткізуге септігін тигізеді. Жатақхана оқу ғимараттарына жақын орналасқан. Міне, осылардың барлығы да жастардың алаңсыз білім алуына ықпал етеді.
Шетелдік жастардың жаңа ортаға тезірек бейімделіп кетуі үшін олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына қолдау көрсетіледі, олардың бір-бірінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдебиетті танып білуі үшін танымдық іс-шаралар үздіксіз өткізіліп тұрады.
Орталық тыңдаушылары халықаралық, республикалық, өңірлік байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Көпшілігі атажұртта қалып, өмірде де, еңбекте де өз бақытын тауып, Қазақстанның өсіп өркендеуіне өздерінің лайықты үлесін қоса береді деген үміттеміз.
Құрметті талапкерлер!
Шет елдерде тұратын қымбатты қандастар!
Сіздерді толғандырып жүрген сұрақтарыныз болса біздің сайтқа жолдауларыңызды, ойларыңызбен бөлісулерінізді сұраймыз. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмегімізді сіздерден аямаймыз. Біздің парақшамызға қош келдіңіз! Құшағымыз сіздерге әрқашанда айқара ашық!
Ізгі ниетпен,
«Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық
орталығының басшысы, тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент Камалдинов Рахымбек Әбсатұлы.