Жаңалықтар
ҚАЗАҚТЫҢ ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫСЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
- Қаралды: 198
Халқымыздың ұлы перзенті, кемеңгер жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл –127 жыл. 28 қыркүйек – жазушының өмірге келген күні. Жазушының атын иеленген университетіміздің ұжымы үшін бұл күн – айтулы күн. Ұлы тұлғаның туған күніне орай, бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да дәстүрлі мерекелік іс-шара өтіп, оған оқу ордасының басшылық құрамы, профессор-оқытушылар және студент-жастар қатысты.
Іс-шара кемеңгер жазушының рухына тағзым етіп, гүлшоқтарын қоюдан басталды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы-Ректордың м.у.а. Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев барша қауымды айтулы күнмен құттықтады.
–М.Әуезов – Ұлы Абайдың жарқын бейнесін өзінің «Абай жолы» роман эпопеясы арқылы өшпестей етіп уақыт жадына жазды. Сонымен бірге Мұхтар Омарханұлы Абайтану ғылымының іргетасын тозбастай етіп қалап кетті. Соның арқасында қазіргі таңда Абайтану, Мұхтартану атты ғылым салалары бүгінгі қазақ әдебиеті мен әдебиеттанудың шамшырағы іспеттес, зор рухани-мәдени локомотивке айналды, - деп атап өтті Ғани Әбзелбекұлы.
Университетіміздің ф.ғ.д., профессор Болат Тілеубердиев, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабек жазушының шығармашылық мұрасы, зерттеулердің нәтижесі және бұрын-соңды айтылмаған тың деректерімен бөлісті. Сонымен қатар «Филология» факультетінің 3-курс студенттері Диана Баратова, Дастан Андақұл жазушыға арнау арнады.
Бүгін университетімізде әр факультетте Әуезовтің есімі мен шығармашылығын ұлықтауға арналған түрлі бағытта іс-шаралар өтіп жатыр. Қазақ ұлты барда, ғұлама жазушының асыл мұрасы мәңгілік жасай бермек.