ҮМБЕТАЛИН САФА ҮМБЕТАЛЫҰЛЫ
1912 жылы 15 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында дүниеге келді. 1920 жылы ауылдық мектепте бастаған оқуын ол 1926 жылы Жымпитыдағы жеті жылдық мектепте аяқтады.
1926-1930 жылдары Алматыдағы малдәрігерлік техникумда оқыды.
1936 жылы Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын аяқтаған ол Жезқазған кенішіне жұмысқа жіберілді.
1936 жылдың тамызынан 1938 жылдың қазан айына дейін ауысым инженері, шахта меңгерушісі болды.
1938-1944 жылдары С.Ү.Үмбеталин Шымкент кен-металлургиялық техникумында оқытушы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті.
1944 жылдың қарашасынан 1956 жылдың желтоқсаны аралығында Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институты директоры қызметін атқарды. Сафа Үмбеталыұлы Үмбеталин осы оқу орнын ұйымдастыру, қалыптастыру мен білім беру ісіндегі маңызын арттыруға көп еңбек сіңірді.
1947 жылы КСРО Жоғары білім беру комитеті технологиялық ЖОО-лардағы тау-кен факультеттерін жапты, ал институттың тау-кен факультеті студенттерімен бірге Алматыдағы тау-кен институтына берілді. Ал қалған технологиялық факультет С.Ү.Үмбеталиннің көп күш салуы арқасында одан әрі кеңейіп, дамыды. Ол 700 адамдық оқу ғимаратын, 500 орындық жатақхана мен 30 пәтерлік оқытушылар үйін салуға қаржы бөлуге қол жеткізді.
1948 жылы институтты алғашқы химик- технолог түлектер бітіріп шықты. 1948-1957 жылдар аралығында 532 маман кадрлар даярланды. Институт өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Түлектер бүкіл КСРО аймағына жолдамамен жіберіліп отырды.
1943 жылы институтта технологиялық және тау- кен мамандықтары бойынша екі факультет кана болса, 1957 жылға қарай оқу орнының ауқымы кеңейіп, «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары», «Астық өнімдерін сақтау және өңдеу», «Ет және сүт өнімдерінің технологиясы», «Силикаттар технологиясы», «Құрылыс ісін ұйымдастыру мен экономикасы» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Студенттер қабылдау жоспары жылдан-жылға өсіп, 1957 жылы 225 адамға жетті. Жергілікті ұлттан кадрлар даярлауға назар аударылды. 1956-1957 оқу жылында институтта оқитын студенттер саны 672 адамды құраса, олардың 180-і қазақ қыз-жігіттері болды. Айта кету керек, 1943-1944 оқу жылында 238 студенттің біреуі ғана қазақ ұлтынан болатын.
Институт ашылған жылы 18 оқытушы болса, 1956-1957 оқу жылында олардың саны 57 адамға жетті, ғылыми дәрежесі бар оқытушылар 45 адам болды.