Мұхтар Омарханұлы Әуезов
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылы екі ғашықтың трагедиялық тағдырын жыр еткен «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан басталды. Алғашқы әңгімелер жинағы «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?» сондай-ақ «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» повестерінің авторы.
Жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі болып табылатын «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор септігін тигізді. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.
1945 жылы, Абайдың 100 жылдығы аясында М.Әуезов «Абай» операсының либреттосын, «Абай әндері» көркем фильмінің сценарийін жазды.
1949 жылы эпопеяның алғашқы кітабы – «Абай» романы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 1959 жылы «Абай жолы» эпопеясы Лениндік сыйлыққа ие болды.
Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық еңбектерімен қазақ стилін қалыптастырған өзіндік мектептің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен алғашқы әдебиетші болды. Оның арқасында Н. Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесалары сияқты классикалық әлемдік әдебиеттің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, жұртшылыққа қолжетімді болды. М. Әуезовтің шығармалары бірнеше рет қайта басылып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.
Ұлы жазушының есімін иемденген Шырайлы Шымкент қаласында 80 жылдан астам тарихы бар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей қалаларындағы көшелер мен орта арнаулы оқу орындары мен мектептер бар.
80 жылдан астам тарихы бар М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі өз алдына дербес, элиталы орталық саналатын «Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығының маңызы айрықша. Абайтану, мұхтартану салаларының арнасын кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру мақсатында 2018 жылдың қарашасында университет тарихында тұңғыш рет «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы шымылдығын түрген болатын.
Міне содан бері, орталық ұлттық деңгейде ірі ғылыми жаңалықтардың жаршысына айналды. «Мұхтартану» зерттеу орталығында 4 ғалым қызмет атқарады. Олар: Түркі халқына ортақ тұлға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, абайтанушы – Мекемтас Мырзахметұлы орталықтың басшысы қызметін атқарып отыр. Орталықтың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, елімізге белгілі әдебиеттанушы, мұхтартанушы ғалым – Ақжол Қалшабек. Орталықтың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі тұрартанушы ғалым – Ордалы Қоңыратбаев. Сонымен қатар орталықтың бас маманы, гуманитарлық ғылым магистрі, «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының гран-при иегері, абайтанушы – Әзімхан Исабек қызмет атқарады.
Профессор М.Мырзахметұлының 2020 жылдың «Абайдың «Толық адам» ілімі» монографиясы мен «Абайтану» атты 10 томдық еңбегі жарық көрді. «Толық адам» ілімінің шығу тарихы, даму төркіні өте тереңде екені даусыз. Аталған еңбекте: «Тұран жеріндегі б.з.д. VII ғасыр басында «Алып ер Тоңа» (Афрасиаб) туралы жырланған дастанның үзіктері (600 өлең жолы яғни 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің ХІ ғасырда күллі әлемге танылып «Түрік сөздігі» еңбегі арқылы бізге жетті.Түрік халықтары «Алып ер Тоңа» десе, парсылар «Афрасиаб» дейді. Бұл атаулар мағынасын алғаш рет саралап, ашып берген Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни болатын.
Бұған қоса тағы бір үлкен ғылыми жаңалық – орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабектің жетекшілік етуімен, жас ғалым Әзімхан Исабек қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйеніп жасалды. Осы еңбектің нәтижесінде ғалымдарымыз «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Бұдан бөлек ғалымдар «Китаб тасдиқтың» 500-ге жуық арнайы араб-парсы сөздігін даярлады. Хакімнің терең ойлары, философиялық құндылықтары туралы А.Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінің басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері, жалпы, адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», – деген еді.
Орталық ғалымдарының тыңға түрен салған тағы бір жаңалығы – Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты. 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Тұрағұл Ибраһимұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандағын атап өту керек.
«Мұхтартану» зерттеу орталығы қызметкерлері А.Қалшабек пен Ә.Исабектің ғылыми ізденісінің нәтижесінде, Абай Құнанбайұлы ұрпақтарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғандығы абайтану ғылымындағы ерекше уақиға болды. Бұл мәрмәртаста Абайдың:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек,
деген өлеңімен қоса: «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы:» орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте:» деп, оған қоса 4 адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Олар:
Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы.
Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.
Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты.
Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай.
Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. р-н ХФЗ.
Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.
Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска.
Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.
Міне, мәрмәртастағы мәтін осылай өрілген. Мемориалды тақта 30 жылға жуық «Химфарм» зауытының арнайы бөлімінде өте ұқыпты сақталып келген. Жәдігер бүгінде «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығындағы құнды экспонаттың біріне айналған. Бұл мемориалды тақтаның тарихы тым тереңде жатыр. Алаш зиялысы Тұрағұл Ибраһимұлы 1934 жылы Шымкентте тұратын қызы Мәкеннің қолында дүние салған. Кей деректерге сүйенсек, Тұрағұлдың сүйегі сол кезде мұсылмандар зиратына жерленіп, кейіннен ол жерге «Химфарм» зауыты салынып, ақыры мәйіті сол мекеменің астында қалып қойған деген пікірлер айтылып келді. Ал шындық мүлде басқа болып шықты. Фармацевтикалық кәсіпорын 1882 жылдары салынған. Яғни мәйіттің дәрі-дәрмек сақтайтын мекеменің астында қалып қоюы шындыққа жанаспайды. Бұл мәрмәртасты Абайдың немересі Мәкен Турағұлқызының тапсырысымен «Химфарм» зауыты жасатқан.
Абай отбасымен, 1903 жыл. 1-қатарда: Пәкизат, Тұрағұл Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы. Отырған Абай Құнанбайұлы. 3-қатарда: Мағауия Абайұлы, Еркежан, Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі). Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта түсіріп, көшірме түрінде Абай музейіне берген - Мұхтар Әуезов.
«Мұхтартану» орталығының ғалымдары Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек тек мұнымен шектеліп қана қоймай 2022 жылы М.Әуезовтің 125 жылдығына орай «Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты кітапты жарыққа шығарды. Әуезовтің Оңтүстікке сапары мұхтартану ғылымының ең өзекті бағыттарының бірі. Бұл тақырып осы күнге дейін өз алдына зерттеу объектісі болмаған. Ғалымдар Мұхтар Омарханұлының Оңтүстікке жасаған сапарларын терең зерделеп, архивтік материалдармен қоса өзге де жарияланбаған құжаттарды жарыққа шығарды. Аталмыш еңбекте Әуезовтің Ташкенмен байланысы да терең қаузалған.
2019 жылы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты монографиясы жарық көрді. Тұрартанушы Ордалы Молдалыұлының бұл еңбегі бүгінде тарихшылар арасында жоғары бағасын алып, ЖОО-да тарих пәнінен арнайы дәріс ретінде оқытылуда. Сондай-ақ ғалым Ордалы Қоңыратбаевтың биылғы жылы Қабылбек Сарымолдаев туралы ғылыми жинағы жарық көріп, жастар арасында кеңінен дәріптелуде.
Элиталы орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабектің қаламынан туған «Әдебиеттану ғылымына кіріспе оқулығы бүгінде еліміздің ЖОО-да «Әдебиеттану» пәндері бойынша арнайы дәріс ретінде оқытылуда және ғалымның 2021 жылы шыққа «Елдік сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс» кітабы оқырман қызығушылығын арттырып, ұлттық кодымыздың өркендеуіне қызмет етіп отырған жайы бар. Осындай іргелі де, ілкімді дүниелерге ұйытқы болып, ұлық істердің көш басында жүрген бірегей тұлға, руханият жанашыры, қоғам қайраткері Дария Пернешқызының еңбегі ерен. Ұлы Абай:
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
деп жырлаған еді. Данышпанның аманатына адалдық танытып, ғылымның биігіне ұмтылған «Мұхтартану» орталығының қашанда асығы алшысынан болсын.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз